Ақтөбеде мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы пара алғаны үшін сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Хромтау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы кәсіпкердің 30-дан астам әкімшілік хаттамасын жасырып, тек үшеуін толтырған. Сөйтіп айыппұл көлемін қысқартып, өзі пара алды.

Фото: Freepik

Хромтау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысына Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалына қарағанда, былтыр инертті материалдар дайындап, сатумен айналысатын «GaryshBeton» ЖШС-не әкімшілік шара қолданып, шот-фактураны уақытылы тапсырмағаны үшін ескерту береді. Бірақ компания ескертуді елемей, сол жылы қайта бұзушылық жасайды. Биыл ақпан айында әкімшілік жауапқа тарту жөнінде шешім шығарылды. Наурыз айында компания басшысы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына барып, бөлім басшысына жолығады. Әңгіме барысында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 280-1 бабы 4 бөлігімен жауапқа тартылатынын айтады. Айыппұл көлемі 2 249 000 теңгеге жеткен. Әр бұзушылық фактісіне 86 500 теңге есептеледі.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, компания басшысы айыппұлдың көлемін естіп, абдырап қалған. Сол сәтте Хромтау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы айыппұл көлемін қысқартып бере алатынын айтып, сендіреді. Тек үш әкімшілік хаттамамен шектелуі үшін 500 000 теңге пара сұрайды. Компания басшысы бас тартар болса айыппұл көлемі артатынын ұғынып, келіспен. Сөйтіп 2026 жылдың наурыз айында тек 259 500 теңге айыппұл арқалап, төлейді.

Хромтау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысының заңсыз әрекетін ұққан компания басшысы биыл мамыр айында Ақтөбе облыстық ҰҚКД барып, арыз жазады. Бөлім басшысы қызметтік көлігімен жүріп, пара алған және ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Сотта сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындап, кешірім сұрады. Ол 30-дан астам хаттаманың орнына тек үшеуін ғана толтырған, заңсыздыққа жол бергенін айтты.

Сот үкімімен Е.Фархад Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылып, 15 000 000 теңге айыппұл салынды. Сотталушы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Айта кетейік, басшысын пара беруге көндірген ақтөбеліктің ісі сотқа түсті. Жеке компания басшысы қызметкеріне алданғанын түсінген кезде оны ұстап берді. Сотталушы алғашында 100 млн, кейін 50 млн теңге пара беруге көндірген.