Ақтөбеде мердігерлерден пара алған басшының ісі сотта қаралып жатыр

Фото: Шалқар ауданы әкімдігінің ресми сайты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы екі мердігерден миллиондап пара алғаны үшін айыпталып жатыр. Бірі су желілерін қайта жаңғырту, екіншісі тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тарту жобаларының мердігері.

Істі Шалқар аудандық соты қарап жатыр. Іс Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен қозғалды. Айыптау актісіне сүйенсек, Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі мен «Дәнекер» ЖШС арасындағы келісім 2021 жылы жасалады.

Келісімшарт бойынша ұзындығы 1030 шақырым болатын Көпмола, Жылан, Кеңдала ауылдарының су желілерін қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. Алғашқы кезде жобаға 800 млн теңгеге жуық қаржы қажет деп есептеліп, жұмыс 2022 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс еді. Кейін 2022-2023 жылдары жобаға қайта түзету енгізіліп, жоба құны шамамен екі есеге қымбаттап 1,9 млрд теңге болды.

2024 жылы дәл осы салаға, яғни Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымына айыпталушы Шұға Сәдуақасова тағайындалды. Сол кезде ол «Дәнекер» ЖШС-нің директорымен кездесіп, танысады.

– Ш.Сәдуақасованың қабылдау кезінде орындалған жұмыс туралы актілерін бекітуге, келісімшартта белгіленген тәртіппен және мерзімде ақы төлеуді жүргізуге құзыреті бар. Өзіне берілген осы құзыретті жеке басына пайдалану, бұдан әрі келісімшарт бойынша орындалған жұмыстардың сапасын тексермей, жұмыстарды қабылдау кезінде орындалмаған жұмыстарды кедергісіз бекіту үшін «Дәнекер» ЖШС-нің директоры Ысқақовтан пара алуға оқталған. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында 5 млн теңге талап еткен. Оның талабын орындамаған жағдайда бақылау мен тексеру жүргізетінін ескертті. Пара беруге итермелей бастаған. Іс Қылмыстық кодексінің 366-бап 3-бөлігінің 1 тармағымен, яғни, қорқытып алу бабымен саралануы тиіс. Ысқақов пара беруге мәжбүр болып, оның талабын орындауға және сұраған сомманы беруге келіскен. 2024 жылдың қазан айында орындалған жұмыс актілерін бекітіп, ақы төлегеннен кейін беретінін ескерткен. Қазан айының орындалған актілері бекітіліп, ЖШС есепшотына 228 260 915 теңге аударылды. Өз кезегінде Ысқақов қылмыстық құқықбұзушылық екенін білсе де қорқып, екі адамның есепшотына 5,7 млн теңгені пара ретінде аударған, - деді сотта мемлекеттік айыптаушы.

Тағы бір іс Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі мен «АзияСтройПроект777» ЖШС арасында болды. Мемлекеттік мекеме мен мердігер арасындағы келісім 2023 жылы жасалды. Келісім бойынша Шалқар қаласындағы 2 қабатты 8 пәтерлі 3 жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің сыртқы инженерлік - коммуникациясы жүргізілуі тиіс. Жоба құны – 71,8 млн теңге. 2024 жылы қосымша келісімшарт жасалып, жалпы құны 115,3 млн теңгеге дейін өсті.

Бұл эпизодта да Шалқар аудандық Сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова мердігер мекеме басшысымен танысып, сөйлесіп, жұмыс актісін кедергісіз қабылдауы үшін 8 млн теңгеден астам ақша талап еткен. ЖШС директоры Мыңбаев ақшаны бірнеше адамға аударады.

Сотта мердігерлер ақша аударған адамдар куәлік етеді. Сонымен бірге қорғаушы Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановты да куәгерлер тізіміне қосуды сұрады.

Еске салсақ, сәуір айында Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жол салған қосалқы мердігер мекеме басшысымен кездесіп, орындалған жұмыс жөніндегі актіні еш кедергісіз қабылдау үшін 200 мың теңге талап еткен. Тағы бір эпизодта екеуі кәріз жүйесіне жауапты мердігерден мемлекеттік сатып алу конкурсындағы соманың 1%-ын сұрады.