Ақтөбе облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы KAZINFORM-ның сұрағына жауап берді. 2023 жылы өңірде мұнай өндірісі 4,7 млн тоннаны құрады. 2022 жылмен салыстырғанда 5,6% төмен. Ал газ өндірісі былтыр 5,1 млрд текше метр болса, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға кем.
- Бұл мұнай өндірудің табиғи төмендеуінен, суланудың өсуі және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы секілді ірі кәсіпорындағы өндіру көлімінің азаюынан туындап отыр. Сондай-ақ «Altay resources» ЖШС-і былтыр 8-наурызда, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС-нің 2023 жылы 30-маусымда, «Құл-бас» ЖШС-нің 2023 жылы 16-қазаннан бастап мұнай өндіруді тоқтатты. Себебі ҚР Энергетика министрлігімен арадағы келісімшарт мерзімі аяқталған. «Altay resources» ЖШС-і былтыр қараша айында, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС-і былтыр желтоқсанда жұмысын қайта жандандырды. Құл-бас» ЖШС-і 2024 жылдың сәуір айында жұмысын қайта жалғастырмақ. Қазір ҚР Энергетика министрлігімен арада келіссөз жүріп жатыр, - деп жазылған сұрақ жауабында.
Сонымен бірге былтыр мыс өндірісі едәуір төмендеді. 2022 жылы 1 468,3 мың тонна, 2023 жылы 1 064 тонна мыс өндірілді. Демек 27,3%-ға төмен. Мұны мамандар сұраныс пен бағаның төмендеуінен деп түсіндірді.
- «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Коппер Технолоджи» ЖШС-і мыспен қатар мыс-мырыш кенін өндіреді. 2023 жылы мыс-мырыш кенін өндіру көлемі 37,5%-ға өсті. Жыл сайын компания өнім түрлері бойынша жеке жоспарларын бекітеді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы.