Ақтөбеде мұз ою жұмысы басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласының ортасымен ағып жатқан өзенде мұз ою жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл су өту үшін қажет.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұз ою жұмысы әзірге қалада ғана жүргізіліп жатыр. Ал наурыз айында өзендерде мұз жару жұмысы атқарылады.
- Күн күрт жылынса сел жүруі мүмкін. Су тасқынының алдын алу мақсатында ТЖД басшылығының бастауымен Жедел-құтқару жасағы өзен-көлдерде мұз кесу жұмыстарын жүргізді. Бұл судың кедергісіз өтуі үшін қажет. Сонымен қатар облыстың барлық елдімекендерінде қар шығарылып, каналдар мен арықтар да тазартылып жатыр. Жұмыстар әлі де жалғаспақ,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбенің қақ ортасымен ағып жатқан Сазды өзені көтеріліп, қауіп төндірді. Бір түнде сел жүріп, төтенше жағдайлар қызметкерлері, әскерилер мен полиция және еріктілер құм толы қаппен жағасын бекітті.