Ақтөбеде оқушыларға арналған әскери институт базасындағы қосымша сабақтар басталды

Фото: Қорғаныс министрлігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ғарышкерлер күніне орай Ақтөбеде мектеп пен әскери институт арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды жоба іске қосылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жоба аясында № 83 орта мектеп, облыстық планетарий және Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты арасында тәжірибелік бағыттағы меморандумға қол қойылды.

Бұл құжат оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырумен қатар, ерте кәсіби бағдар беруді мақсат етеді. Оқушылар астрономия, физика және география пәндері бойынша қосымша сабақтарға қатысып, мамандардың қолдауымен ғылыми жобалармен айналыса алады.

Теориялық дәрістер Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты базасында өтеді және тәжірибемен толықтырылады. Ынтымақтастық аясында ғылыми конференциялар, олимпиадалар мен тақырыптық кездесулер ұйымдастырылмақ. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы оқушыларға ерекше назар аударылады.

Жобаның бір бөлігі ретінде «Ғарыш бұрышы» ашылды. Бұл орталықта Қазақстанның космонавтика тарихы таныстырылады. Іс-шараға оқушылар, «Жас сақшы» сыныбының тәрбиеленушілері және жас ұшқыштар мектебінің шәкірттері қатысты.

Әскери институттың бастығының орынбасары, полковник Мақсат Уәйіс бастаманың тәжірибелік маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, балаларға білімді түсінікті түрде жеткізу және оларды мамандыққа қызықтыру – басты міндет. Нақты әскери ортада оқыту оқушылардың мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына және әскери ұшқыш болуға көмектеседі.

Институт жанындағы жас ұшқыштар мектебі – дайындық жүйесінің маңызды бөлігі. Биыл мектепке 57 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ол әскери-патриоттық клуб ретінде аспанды мамандық ретінде таңдаған жастар үшін бастау алаңына айналды. Қазіргі уақытта тәрбиеленушілер аэродинамика, навигация, метеорология және әскери пәндерді меңгеріп, болашақ қызмет пен оқуға қажетті білім алады.

Жас ұшқыштар мектебінің түлектерінің 40%-ы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында білімін жалғастырып, армандарын жүзеге асыруда.

Осылайша, Ақтөбеде мектептен бастап кәсіби мамандық таңдау кезеңіне дейін үздіксіз білім беру жүйесі құрылуда. Бұл жоба балалардың болашағына сенімділік сыйлаумен қатар, аспанға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін әскери дайындық пәнінің атауы өзгеріп, мазмұны жаңаратынын хабарлағанбыз.