Ақтөбеде өндіріс алаңында бірінші тоқсанда 25 жазатайым оқиға болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Өндірістегі жазатайым оқиға кезінде барлығы 26 адам зардап шеккен. Былтырғыға қарағанда өсім 18 пайыздан асып тұр.

Фото: Еңбек министрлігі

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы жылдың бірінші тоқсанын қорытындылады. Облыста қазір 900-ден астам өндірістік кеңес жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге 1500-ден астам техникалық инспектор бар. Соған қармастан өндірісте жарақат алған адам саны артқан.

— Биыл бірінші тоқсанда өндірісте 25 жазатайым оқиға тіркелді. Онда 26 адам зардап шекті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 18,2% құрап отыр. Өндірісте өлім-жітім тіркелмеді. Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі — қауіпсіздік талаптары сақталмайды, тәуекелді дұрыс бағаламайды және бақылау жеткіліксіз, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы.

Айта кетейік, Қазақстанда былтыр өндірістік жазатайым оқиғалар саны 1380-ге жетті. Өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеуі тіркелді.