Ақтөбеде өзенге құлап кеткен баланың денесі 20 күннен соң табылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар қызметі 10 жастағы Мансұр Саматовтың денесін Елек өзенінен алып шықты. Бала 1,5 метр тереңдіктен табылды.

Фото: ТЖМ

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сүңгуірлер 2016 жылы туған баланың денесін бүгін тапты. Елек өзені жағасынан шамамен 3 метр қашықтықтан, 1,5 метр тереңдіктен алып шықты. Бұл Сарыжар ауылынан шамамен 14 шақырым қашық жер.

— Алғашқы сағаттардан бастап ТЖМ авиациясы жұмылдырылып, үлкен аумақтарды жедел тексеруге мүмкіндік болды. Сүңгуірлер күн сайын 30–35 км аумақты қарап шықты. Ал жүзу құралдары арқылы 25–30 шақырымды қамтыды. Дрондармен қарады, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбеде жоғалған баланы іздеу жұмыстары шекара аумағында да жүрді. Себебі Елек өзені Ресейдің Орынбор облысы аумағына қарай ағады. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі көршілес әріптестеріне де хабар берді.

Бұдан бұрын 29 наурыз күні кешкілік Мартөк аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 2016 жылы туған баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскенін жазғанбыз.