Ақтөбеде пара алған мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері 67 млн теңге айыппұл төлейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бас маманы 3 млн теңге пара алған. Сотта кінәсі дәлелденіп, параның 22,5 еселенген түріндегі айыппұл салынды.
Ақтөбе қалалық сотында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бас маманына қатысты іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айып тағылды. №2 Ақтөбе қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы WharsApp қосымшасы арқылы кәсіпкерге хабарлама жазады. Онда камералдық кедендік тексеруді тоқтатуға және оң шешімін шығаруға көмектесетіні, қызметі үшін 3 млн теңге алатыны туралы айтқан. Кәсіпкер бұл туралы ҰҚК облыстық департаментіне хабарлайды. Сол аралықта облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бас маманы уақытты белгілейді. 2025 жылдың желтоқсан айында жәбірленуші 1 млн теңгені алып, келісіммен департамент ауласында тұрған көлік ішінде қалдырады. Арада бір күн өткеннен кейін дәмхана жанында кездесіп, көлік ішінде 2 млн теңгені алып жатқан жерінен ұсталды.
Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігімен, 366-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылып, пара сомасының 22,5 еселенген мөлшерінде, яғни, 67 500 000 теңге айыппұл салынды. Сот сотталушының қамауда отырған күндерін есептеп, айыппұл сомасын 67 105 244 теңге қысқартты. Сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметте, қаржы саласында жұмыс істей алмайды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Ақтөбеде пара алған мектеп директоры сотталды. Ол 250 мың теңге пара алған. Оған 7,5 млн теңге айыппұл салынды.