Ақтөбеде пара алған шенеуніктер сотталды

Фото: Фото: Мұхтар Холдорбеков/ҚазАқпарат ХАА

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де алған ақшасын кері қайтарады.

Шалқар аудандық сотында аудан әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаевқа үкім шықты. Сот үкімімен Алтынбай Беркімбаев Қылмыстық кодекстің 366 бабының 3 бөлігі 1, 2, 4 тармақтарымен («Пара алу» бабы) кінәлі деп танылды. Одан мемлекет пайдасына 1,5 млн теңге тәркіленіп, 6 жыл мерзімге бас бостандығанан айырылды.

Ал Бектұрған Зайрымбет Қылмыстық кодекстің 366 бабының 3 бөлігі 1, 2 тармақтарымен («Пара алу» бабы) кінәлі деп танылды. Одан мемлекет пайдасына 1 млн теңге тәркіленді және 6 жыл мерзімге бас бостандығанан айырылды. Екеуі де енді мемлекеттік қызметте, қаржы секторында, квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымды қызметтерді атқара алмайды. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев жол салған қосалқы мердігер мекеме басшысымен кездесіп, орындалған жұмыс жөніндегі актіні еш кедергісіз қабылдау үшін 200 мың теңге талап еткен. Тағы бір эпизодта Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрамбет екеуі кәріз жүйесіне жауапты мердігерден мемлекеттік сатып алу конкурсындағы соманың 1%-ын сұрайды. Іс Шалқар аудандық сотында қысқартылған тәртіпте қаралды. Сотталушылар кінәны мойындап, процестік келісімге келетінін айтты.