Ақтөбеде пиротехникадан жарақат алғандар дәрігерге жүгінді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы көпсалалы аурухананың травматология бөліміне күніне 60-70 адам түседі. Бүгінде пиротехниканы дұрыс пайдаланбаған екі адамды жеңіл күйік шалды.
Көпсалалы аурухананың травматология бөліміне кейінгі аптада 300-ден астам адам жүгінді. Жарақат алғандардың көбі құлап, аяқ-қолын сындырып алған, сүйегі шытынап кеткен.
- Біріншіден, көктайғақта құлап жатыр. Үлкен кісілер құлап, сүйегін сындырып алады. Сонымен бірге түрлі мерекелік басқосулар соңында жарақат алатындар бар. Ішімдік ішкен адамдар құлап, мертігіп жатады. Сөйтіп күніне 60-70 адам түседі. Қолы, аяғы, жамбас сүйегін де сындырады. Қарт кісілер сындырып алса, оның бітіп кетуі, жазылуы қиын. Үлкен адамдар далаға шыққанда арнайы аяқ киімдер кисе дейміз. Сол кезде өзін сақтай алады. Ал жастар ішімдікті көп ішпесе екен. Себебі осындай мерекелік басқосуларда адам көп түседі. Кейде «Ақтөбеде травматологияға келмеген адам қалмаған шығар» деп айтамыз. Жаңа жыл түні емес, сол алдын ала өтетін ұжымдық кештерде науқас жиі әкелінеді. Адамдар билеп жүріп, баспалдақтан түсіп келе жатып құлайды,- деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының травматолог дәрігері Бағлан Рахметов.
Оның айтуынша, пиротехниканы дұрыс пайдаланбаған екі адам жеңіл күйік жарақатымен түсті.
- Петардадан зардап шекккен 19 жастағы жігіт түсті. Оның қолын күйік шалған. Ал екіншісінің беті күйген. Күйік дегенде шашырап, әр жеріне түскен от. Екеуінде де бірінші дәрежелі күйік,- деді Бағлан Рахметов.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні 792 ақ халатты кезекшілікке шығады. Оның 200-і аудандарда.