Ақтөбеде Польшадан контрабандылық жолмен 18 асыл тұқымды жылқы алып келген 53 жасар азамат ұсталды

АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақтөбенің 53 жасар тұрғыны контрабандылық жолмен Польшадан 18 асыл тұқымды сәйгүлік алып келген.

Жылқылардың әрқайсысын  қазақстандық 400-500 АҚШ долларына сатып алған. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл іс бойынша Итерполдың орталық бюросы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы және кеден органы қызметкерлерінен құралған арнайы комисссия құру мәселесі талқылануда. Сондай-ақ аталмыш әрекет бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі де шешілуде.

Брифинг барысында Қ.Жұманов елде жасалған ұйымдасқан қылмыстық әрекеттерге қатысты тағы бірқатар мәліметтерді келтірді.

Олар бойынша Алматыда Жаркент ауданының тұрғыны ұсталып, одан 6 оғы бар «Марк» және «ПМ» тапаншалары тәркіленген. Ал Қарағанды облысының Теміртау қаласында «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына кіре берісте екі жүк көлігі мен автокран ұсталған. Онда арнайы құжаттары жоқ 12 орама металл болған. Сондай-ақ Жамбыл облысының тәртіп сақшылары облыс аймағында жүк көліктеріне қарақшылық шабуыл ұйымдастырып жүрген қарақшыларды Қапшағай қаласынан ұстаған. «Олар осы іске күдікті деген 5 азаматты ұстап, олардан газды тапанша мен жол полициясы қызметкерінің таяқшасын тапқан. Қазіргі таңда аталмыш іс бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде», деді департамент бастығы.