Ақтөбеде полиция айрықша белгісі жоқ қызметтік көлікке камера қондырды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде полиция қызметкерлерінің айрықша белгісі жоқ көліктеріне және жедел жәрдемге 13 камера қондырылды. Бұл – жылдамдықты өлшейтін құрылғы.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы құрылғысы бар полиция көліктері көбіне қала сыртындағы жолдарда жүреді. Құрылғы көліктің жылдамдығын есептеп, лезде ақпарат береді. 

Фото: Ақтөбе облыстық ПД

- Ақтөбе облысында айрықша белгілері жоқ қызметтік автокөліктерге және жедел жәрдем көліктеріне жылдамдықты автоматты түрде тіркейтін құралдар іске қосылды. Мақсат – жол қозғалысына қатаң бақылау жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Құрылғының қауіпсіз орта құруға көмегі болады. Қазір барлығы 13 құрылғы бар. Негізінен қала сыртындағы жолдарға жіберіледі. Анализ жасалды, дамыған елдерде осындай партульдеу қарастырылған, - деді Ақтөбе облыстық ПД әкімшілік Полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД

Былтыр Ақтөбеде 1766 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 166 адам қаза тапты, 2418 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының 60 % астамы жылдамдықты асырғаннан болған. 

Фото: Ақтөбе облыстық ПД

Еске салсақ, Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылында қарсы бағытқа шығып, көлікті кері айдаған жүргізуші анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің үш бабы бойынша 5 хаттама толтырылды.