Ақтөбеде полиция қызметкерлері күйеуіне қоштасу хатын жазған әйелді құтқарды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Әйел өз үйінің дәретханасында асылып өлмек болды. Полиция дереу жедел жәрдем шақырды.
Оқиға кеше Ақтөбе қаласында болды. Ер адам полицияға хабарласып, әйелінің қоштасу хат жазғанын, онда өз-өзіне қол жұмсайтыны туралы айтылғанын жеткізді. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының инспекторлары Темірбек Сәбит пен Танбай Орынбасарұлы барды.
— Полицейлер аулада орналасқан дәретхана ішінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған әйелді байқап қалды. Инспектор арқаннан шешіп алып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дер кезінде жасалған шешім мен кәсіби шеберліктің арқасында әйел аман қалды. Ол төрт баланың анасы, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Кейін жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізді. Ақтөбелік әйел дәрігерлер бақылауында.
— Полиция қызметкерінің ең басты міндеті — адам өмірін сақтау. Біз күн сайын түрлі жағдайларға тап боламыз, бірақ ең маңыздысы — дер кезінде көмек көрсету, — дейді Темірбек Сәбит.
Айта кетейік, биыл Мәртөк ауданында 9-сынып оқушысы, Шалқарда 10-сынып оқушысы суицид жасады. Полиция іс қозғап, тергеу жүргізді.