Ақтөбеде полиция қызметкерлеріне жаңа көлік берілді
Ақтөбеде учаскелік полиция қызметкерлеріне, патрульдік қызметке және тергеу-қамауға алынған адамдарды тасымалдайтын бөлімшелерге көлік пен квадрацикл берілді, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің автопаркі жаңарды. Бүгін мұнда 36 техника әкелінді. Hyundai Tucson маркалы 22 автокөлік Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторларына, ал Газель Next маркалы 10 көлік тергеу-қамауға алынған адамдарды тасымалдау үшін аудандық бөлімшелерге берілді.
- Полиция өкілдері күнделікті қызметінде азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді және олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқыққорғау жүйесі елдегі тұрақтылықтың басты кепілі деп атап өтіп, жан-жақты қолдау шараларын қабылдады. Жергілікті билік органдары да полицияның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап келеді. Автокөлік, видеожетондар, планшеттер және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықпен қамтылды. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсерін тигізері сөзсіз, - деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Сонымен бірге патрульдік полиция қызметкерлері 3 квадроциклді саяжай алаптарын, жағалауларды патрульдеу кезінде пайдалана алады. Ал «Белорус» тракторы полиция бөлімдерінің аумақтарын абаттандыруға және қызметте басқа да шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.
- Автопаркті жаңарту құқық қорғау саласындағы жұмыстың сапасын арттырады. Оқиға орнына дереу жетіп, шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік жасалды– деді Ақтөбе облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.