Ақтөбеде прокурорға 1,5 млн теңге пара берген директор кінәсін мойындады
Қылмыстық кодекстің «Пара беру» бабы бойынша із қозғалып, жүйке ауруына шалдыққандарды емдейтін интернат үйінің директоры Клава Пан сот алдында жауап берді. Ол прокурор тексерісінің еш кедергісіз өтуін қамтамасыз етпек болған. Іс келісім бойынша қысқартылған тәртіпте өтті. Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында жарыссөз болды.
«Мен өз кінәмды толық мойындаймын. 21 тамыз күні прокурорды үйіне дейін жеткізіп салып, сол кезде пакетіне 1,5 миллион теңгені салып жібердім. Дәл сол жерде мені ұстады. Прокурор пәтер жалдап тұрады екен әрі офицерлер күні болды. Менің сыйлық жасағым келді. Құзырлы орган өкіліне пара беріп тұрғанымды толық түсіндім. Негізі арамызда екі рет пара беру туралы әңгіме болды. Бірақ прокурор мұндай әрекет заңға қайшы екенін ескертті», - деді сотталушы Клава Пан.
Клава Пан ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан, бір отбасының асыраушысы, жесір. Ол - «Шапағат» медалінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы. Ақтөбе облысының прокуроры Жәнібек Төребеков жарыссөзде сотталушыны бас бостандығынан айырмай, берген парасын 15 есе қайтаратындай айыппұл салуды сұрады.
«Сотталушының кінәсі толық дәлелденді әрі сотталушы өз кінәсін мойындады. Оны кінәлі деп танып, түпкілікті берген параны 15 есе, яғни, 22 миллион 500 мың теңге етіп қайтаратындай шешім шығаруыңызды, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұраймыз. Пара ретінде берілген 1,5 миллион теңге заң бойынша мемлекет пайдасына шешіледі», - деді прокурор Жәнібек Төребеков.
Жарыссөз кезінде сотталушы К.Пан бас бостандығынан айырмауды, айыппұл төлеуге дайын екенін жеткізді. Ол айыппұл төлеу үшін өз пәтерін де сатқан.