Ақтөбеде «Рамазан» құс фабрикасының қоймасы өртенді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қоймада картон жанды. Өрт сөндірушілер 2 газ баллонын алып шықты.
Оқиға Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Жарық тұрғын алабында болды. Өрт туралы хабарлама сағат 06:33–те түскен.
— Өрт болған кезде қоймада картон өнімдері болған. Мұнда құс пен жұмыртқа жоқ. Өрттің ауданы — 600 шаршы метр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жапсарлас салынған қоймаға өрттің таралуына жол берілмеді. Өрт сағат 07:45–те сөндірілді, — деді Ақтөбе облысының ТЖД ӨСКҚ жедел кезекшісі Қанат Нағымов.
Оның айтуынша, ғимарат ішінен 2 газ баллоны сыртқа шығарылды. Адам зардап шекпеді. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз.
Айта кетейік, 21-ақпанда Қостанай облысындағы колледжде болған өрт салдарынан ер адам қаза тапты. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.