Ақтөбеде ресейлік сатып алушылардың көбеюі бізге тиімді — Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақтөбеде ресейлік сатып алушылардың көбеюі туралы пікір білдірді.
Соңғы күндері Ақтөбеде Ресейдің шекаралас өңірлерінен келетін сатып алушылар саны артып отыр.
Министр оған рубльдің тиімді бағамы (1 рубль — 6,7 теңге) ықпал етіп отырғанын айтты.
— Шынын айтсам, бүгін баспасөз конференциясына дейін Сауда министрлігіне талдау жүргізуді тапсырдым. Әзірге ондай жаппай үрдіс байқалмайды. Әрине, техника, қымбат сегменттегі тауарларды алып жатқандар бар. Бірақ қазір Қазақстанда тұтыну секторының жақсы деңгейде қамтамасыз етілген, сондықтан Ресейдің шекаралас өңірлері үшін бұл да жақсы бір жол деп ойлаймын. Нәтижесінде біз табыс табамыз, тауар өткізіледі, әзірге ешқандай мәселе көріп отырған жоқпын, — деді Серік Жұманғарин Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Серік Жұманғарин елімізде ең төменгі жалақы мөлшері көтерілмейтінін айтқан еді.