Ақтөбеде республикалық маңызы бар жолдардағы ой-шұңқырлар жөнделді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардағы шұңқырлар жөнделді. Сонымен бірге жол белгілері жаңартылып, тасжолдағы сызат бітелді.
Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар тасжолдарда ағымдағы жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Бір айда 25 мың шаршы метр жол жабындысы жөнделді.
- Жол жөндеу жұмыстарына 7 бригада жұмылдырылды. Барлығы 20 техника қолданылды. Биыл асфальттің жоғары қабатын қырып тастаумен қатар реаактивті инерция әдісі қолданылды. Ол үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ-ы өңірге екі арнайы техника бөлді. Жаңа әдіс жұмысты жеделдетуге көмектесті. Екі-ақ адам жұмыс істей береді. Бір техника шұңқырды тазартып, кейін қиыршық тас пен эмульсия араласқан қоспаны құйып, бітейді, - деді «ҚАЖ сервис» ЖШС АОФ бас инженері Абылай Кадыров.
Айта кетейік, республикалық тасжолдарға 400-ге жуық жол белгісі орнатылды. Сонымен бірге бұрылыстарда жарық беретін 182 белгі де қойылды. Жолдағы сызаттарға арнайы сұйықтық құйып, асфальт жабындысын сақтау әдісі қолданылды.
Еске салсақ, ақтөбеліктер "Самара-Шымкент" тасжолының "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" бағытындағы жолдың тым нашар болып кеткенін айтып, сынады. Бұл жолды жөндеуге биыл 2 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге биыл осы бағытта 4 жолақты жол салу жұмысы басталды.