Ақтөбеде сарматтар жерленген қорымға зерттеу жүргізіледі
Көне қорым - зираттардағы эпиграфикалық (жазу) және эпитафиялық (таңбалар) мәтіндерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізу мақсатында экспедициялық топ жұмысын бастады. Топтың жетекшісі - Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Дина Медерова.
Зерттеушілер «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» ғылыми бағдарламасы аясында Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының көмегімен облыстың бірнеше аудандарын аралап, зерттеу жұмыстарының нәтижелерін далалық экспедициялық жұмыстар аяқталған соң қорытындылайтын болады.
Мәселен, Қобда ауданындағы XIV-XV ғасырға жататын Абат Байтақ кесенесіндегі 200-ден астам құлпытасты, Қарғалы ауданындағы XVII ғасырға жататын Қызылтам қорымындағы құлпытастарды, Темір ауданы Мәулімберді қорымындағы эпиграфикалық, эпитафиялық мәтіндерді зерттейді. Экспедиция барысында Қобда ауданындағы Бекет әулие Мырзағұлұлының шәкірті Шектібайдың алтыншы ұрпағына берілген «Көк аса» зерттемек.
Жұмыс алдында экспедициялық топ Ақтөбе қаласы маңындағы б.ғ.д. V ғасырға тән байырғы сармат дәуірінің қорғандары орналасқан Жылантөбеге шықты. Мұнда шамандар да жерленген.
Ақтөбелік өлкетанушылар зерттеушілерге үлкен сенім артып отыр.
«Әкеміздің құлыптасын оқығанымызбен атамыздың бейітінің басындағы жазбалар түсініксіз. Ақтөбе облысындағы ең үлкен қорым елсіз Доңызтауда жатыр. Онда жүздеген, мыңдаған құлыптастар бар. Олардағы мәтіндер ғылыми айналымға енсе дұрыс болар еді. Өңірде үш жылдық бағдарлама қабылданып, »Доңызтау экспедициясы« деген атпен Серік Әжіғали биыл жиналып жатыр. Ал мына топ атақты 200-ден астам құлпытасы бар Абат Байтақ қорымына, Темір қаласындағы қорымға, Қарғалы су қоймасы маңындағы Қызылтамға бармақ. Тама Есет батыр Көкіұлының құлыптасы темірден жасалған. Ерекшелігі осында. Құлпытаста біз үшін құпия нүктелер таңбаланған. Ғалымдарға оқытып алсақ дейміз», - деді тарихшы-өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.