Ақтөбеде шекара бекетіндегі ұзын-сонар кезектің негізгі себептері айтылды

Фото: Видеодан скрин

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Жайсаң» шекара бекетінде 8, ал Ресей тарапындағы «Сағыршын» шекара бекетінде 2 өткізу жолағы бар. Бұл теңсіздіктен ұзын-сонар кезек түзіледі.

Ақтөбенің «Жайсаң» шекара бекетінде тағы да көлік кептелісі болды. Бұл жолы 100-ден астам жүк көлігі тұрып қалған. Мәселенің мән-жайын анықтап, ұсыныстар қабылдау үшін Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті. Мұнда проблемалармен қатар оны шешу жолдары туралы айтылды.

Фото: Видеодан скрин

— Өңірлік кәсіпкерлер палатасына Халықаралық автокөлік тасымалы қауымдастығынан шағым түсіп жатыр. «Жайсаң» шекара бекетінде әлсін-әлі жүк көліктері тұрып қалады. Салдарынан бизнес иелері келісімшартты уақытылы орындай алмайды, тез бұзылатын тағамдар жарамсыз болып қалады. Мұның бәрі шығын, облыстың инвестициялық имиджіне кері әсерін тигізеді. Мемлекеттік кірістер департаменті, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, шекара қызметі, прокуратура шекарадағы өткізу жолағының бір-біріне сай емес екенін айтып, көрсетті. Қазақстан тарапынан 8 жолақ болса, Ресей тарапынан 2 жолақ бар. 19-ақпанда «Жайсаң» шекара бекетінде шамамен 160 жүк көлігі болды. Ал Саржансай ауылдық округінде тағы 170 көлік кезегін күтіп тұрды, — деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Куйшинов.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, Ақтөбенің Мәртөк ауданы күту алаңын салуға 11 гектар жер бөлді. Бұл аумақ жүргізушілердің танығып, ауқаттануына мүмкіндік беретін кемпинг болады. Күту алаңының сыйымдылығы — 400 көлік. Инвестор 5 млрд теңгеден астам қаржы құйып, бизнес бастауы мүмкін. Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Айбат Ербаезиевтің айтуынша, кәсіпкер биыл тек 4 гектар жерді игеруді жоспарлап отыр. Жұмыс жыл соңында аяқталады.

Алайда бұл шекарадағы кезекті азайтуға арналған жоба емес. Тек күту алаңында жүргізушілердің жағдайын жасай алады. Ал шекараның өткізу қабілетін арттыру үшін екі ел Үкіметінің шешімі қажет.

— Шекара бекетінің өткізу қабілеті өткізу жолағы мен төлқұжатты бақылау орнының санына байланысты. Қазіргі кезде «Жайсаң» шекара бекеті барлық талапқа сай. Алайда келесі тарап біз жіберген лекті қабылдап үлгермейді. Үкіметке екі ел арасындағы шекара өткізу бекетінің мәселесін қайта қарау туралы ұсыныс берген дұрыс деп есептеймін. Ресей тарапы өткізу жолағын кеңейтсе мәселе өз-өзінен шешіледі. Ал қыстағы кептеліс жолдың ауа райына байланысты жабылуынан болды, — деді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығы Бауыржан Рысбеков. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, шекарада бейтарап аумақ жоқ. Шекара бекетінде Қазақстан территориясынан кейін бірден Ресей жері басталады.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ЕАЭО шеңберінде ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Асылан Садықовтың айтуынша, жүк көлігінің ағыны көбейген. 23 ақпанда тәулігіне 203, 24-і күні 276, ал 25 ақпанда 319 жүк көлігі өтті. 26 ақпанда көлік саны 356-ға жеткен.

— Қазір шекарадан тәулігіне 350 жүк көлігін өткізуге рұқсат бар. Енді оны 250 етіп қысқарту туралы ұсыныс беріп отырмыз. Себебі өткізу қабілеті төмен, ал көліктер шекара маңында тұрып қалады. Санын қысқартар болсақ, көліктер шекара маңында емес, күту алаңы Саржансай ауылдық округінде тұрар еді, — деді Асылан Садықов. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Соңғы бір аптада Ресей тарапының өткізу қабілеті тіпті үш есе төмендеп кеткен.

Айта кетейік, кеңес отырысында «Жайсаң» шекара бекетіндегі кептелісті азайту үшін ағынды «Әлімбет» шекара бекетіне бұру, сонымен бірге шекарадағы қылмыстық алдын алу жұмыстарын күшейту ұсынылды. Себебі дәл осындай кептеліс кезінде бұзушылықтар жиі тіркеледі.

Фото: Видеодан скрин

— Жүргізушілер де шекарадан өту заңдылықтарын бұзады. Былтыр мамыр айында жүк көлігіне жасырынып өтпек болған 28 адам анықталды. Қараша айында тағы 10 адам ұсталды. Жүргізушілердің өзіне де түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Олар Өзбекстан, Тәжікстан азаматтарын алып өтпек болды. Бұл да кептеліс тудырады. Ол кезде бір көлік жарты сағат бойы тұрып қалады, — деді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығы Бауыржан Рысбеков.

Еске салсақ, дәл осындай жағдай биыл Атырау облысының Ресей мемлекетімен шекарасындағы «Құрманғазы» автомобиль өткізу пунктінде де тіркелді. 

Сонымен бірге БҚО-ның «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде де ұзын-сонар кезек түзілді