Ақтөбеде шекарадан өтпек болған жүк көлігінен 29 шетелдік анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жайсаң шекара бекетінде көліктегі жүк арасынан 29 шетелдік анықталды. Олар осы күйде шекараны кесіп өтпек болды.
Оқиға 12 мамыр күні болды. ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыздық Жайсан автокөлікті бақылау бөлімінде анықталды.
— Ресейге бағыт алған транзиттік жүк көлігін тексеру кезінде сусын қораптары (22 тоннаға жуық Coca-Cola сусыны) арасынан адамдар табылды. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 29 шетел азаматы анықталды. Осы оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің 394-бабы (Заңды емес көші-қонды ұйымдастыру) бойынша ҰҚК Шекара қызметі Ақтөбе облысы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түрксіб аудандық полиция басқармасы көші-қон қызметінің мамандары рейд барысында заңсыз жұмыс істеп жүрген 15 шетел азаматын анықтады.