- Мектеп басшылары санитарлық талаптардың сақталуын, кезекшіліктің ұйымдастырылуын және төтенше жағдайларда эвакуация жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті. Салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу кезінде бар жауапкершілік білім беру ұйымдарының басшыларына жүктеледі. Сонымен бірге салтанатты іс-шарада мектептер шешімді дербес те қабылдай алады. Атап айтқанда мектепке және ұстаздарға алғыс білдіру, ән айту, өлең оқу, түлектер вальсі сияқты тәрбиелік мәні бар іс-шараларға рұқсат етіледі,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Аттестат табыстау іс-шарасы да тек мектеп ғимаратында немесе мектеп аумағында өтуі тиіс. Ол күні түлектер мектеп формасын киюге міндетті. Мерекелік кештерге арналған ерекше сәнді киім киюге тыйым салынған.
- Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық беруге, мейрамхана, дәмхана, банкет залдарында кеш өткізуге, автокөлік шерулерін ұйымдастыруға, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға, таңды қарсы алу, табиғат аясында мерекелік жиындар өткізуге, ата-аналардан ақша жинауға жол берілмейді. Басты мақсат - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бітіру іс-шараларын қарапайым, тәрбиелік мәні бар форматта өткізу. Салтанатты іс-шаралардан кейін түлектердің түнгі уақытта себепсіз жүруіне, қоғамдық орындарда топтасып мерекелеуіне жол берілмеуі тиіс. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, адамдар көп жиналатын орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады,- деді Бұлбұл Күзембаева.
Бұған дейін Kazinform мектеп түлектері соңғы қоңырауға қанша теңге жұмсайтыны туралы жазды. Биыл еліміздегі өңірлерде түлектер альбомы, лента және фартук бағасы өзгерді.