Ақтөбеде спорт кешенін жалға беріп, ақшаны құмар ойынға салған бұрынғы директор сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде спорт мектептерінің директоры қызметін атқарған М.Әуелбаев пен Қ.Дильманов сотталды. Олар спорт мектебінің залын жалға беріп, ақшаны өз қалтасына басып отырған.
№ 2 Ақтөбе қалалық сотында спорт мектебінің директоры қызметін атқарған Мақсат Әуелбаев пен Қайрат Дильмановқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Алғашында іс Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа түскенімен, кейін «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру» бабына өзгертілді. Іс материалына сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Әуелбаев әріптесі Дильмановпен бірге ақша табуды ойлайды. Олар футбол алаңын жалға беру ақылы екенін, келісімшарт аясында оны арнайы есепшотқа аудару керек екенін біледі. Бірақ бұл жолды таңдамай, өзге бағытта кетеді.
2022 жылдың шілде айы мен 2024 жыл аралығында Дильманов мектеп басшысы Әуелбаевпен келісіп, футбол алаңын бір рет жалға алушылармен ауызша, WhatsApp мессенджері арқылы келіседі. Дильманов ақшаны қолма-қол, кейде қызының есепшотына аударуға уағдаласады. Сөйтіп жалға алушылардан жалпы сомасы 11 579 565 теңге түскен. Сонымен бірге қызының есепшотына түскен 650 720 теңгені өзіне аударып, кейін Әуелбаевпен бөліседі. Әуелбаев ақшаны өз қажетіне жұмсаған, тіпті құмар ойынға салған.
Сот үкімімен Мақсат Әуелбаев, Қайрат Дильманов Қылмыстық кодекстің «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру» бабы бойынша айыпты деп танылды. Мақсат Әуелбаевқа 2 жылға бас бостандығынан шектеу, Қайрат Дильмановқа 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметте 3 жыл бойы жұмыс істей алмайды. Сот үкім шығарар кезде шығынның толық өтелгенін, сотталушылардың балалары бар екенін, бұрын істі болмағанын ескерді.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде лудоман есепшіге ерік беріп қойған мектеп директоры сотталды. Сот директорды 3 жылға бас бостандығынан айырды.