Қайғылы оқиғадан соң Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі жұмысқа сараптама жасалды. Сонымен бірге прокурор ұйғарымымен заңсыздықтарды жою жұмыстары жүгізілді.
«Әбубәкір Бексұлтанның өлімінен соң қызметтік тексеру жүргізілді. Интернат директорына қатаң сөгіс берілді. Тәрбиешінің көмекшісі Есет Дүйсенов қатаң сөгіс алып, жұмыстан шығарылды. Тәрбиешінің көмекшісі Асылбек Тапесов, вахтер С.Қосмағамбетоваға қатаң сөгіс берілді. Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Нұрмағамбетова қатаң сөгіс алып, жұмыстан шығарылды. Сонымен бірге еркін күрес бөлімінің жаттықтырушы-педагог құрамы толық өзгертілді. Атап айтқанда, Т.Сеитов жұмыстан шығарылды. К.Саванаев келісімшарт мерзімі аяқталған соң яғни, қазан айында жұмыстан шығарылады. А.Бекжанов еңбек демалысынан соң жұмыстан шығарылады. Оған қатаң сөгіс жарияланды. Жаттықтырушы А.Жарылқасынов жұмыстан шығарылды. Педагог-психолог Т.Советова қатаң сөгіс алды», - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал қазіргі директор Қайрат Әжбағамбетов 2024 жылдың 8 ақпаны күні ғана, яғни қайғылы оқиға болардан бірер күн бұрын ротация арқылы тағайындалған.
«Қайрат Әжбағамбетов – білікті басшы, жауапкершілігі мол маман. Тағайындалған күннен бастап интернат жұмысын қолға алды. Оған прокуратура, ҚР адам құқықтары жөніндегі өкілдерінен құралған облыс әкімдігі комиссиясы анықтаған бұзушылықтарды жою тапсырмасы берілді», - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бүгін Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде болған қылмыстық оқиға сотта қарала бастады. Биыл 11 сәуір күні Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде 8 сынып оқушысы көз жұмды.