Ақтөбе облысы бойынша 790-тан астам үйге су кірді. Оның көбі Ойыл мен Қобда аудандары болғанымен, Ақтөбе қаласында да жер үйлерге, оның ішінде бау-бақша ұжымдарындағы үйлерге зақым келді. Қазір Алматы және Астана аудандарының әкімдіктері, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері, Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері өтінішті тіркеп жүр.
«Суда қалған мүлікті бағалау үшін комиссия алдын ала өтініш қабылдап жатыр. Қазір Ақтөбе қаласындағы «Эко», «Зооветснаб», «Көктем», «Гауһар», «Оазис», «Горпрокуратура», «Кірпішті» бау-бақша ұжымдарынан 225 өтініш қабылданды. Бұл саяжай аумағындағы үйлер су тасқыны кезінде зақымданған. Біз келіп, үй иесімен сөйлесеміз, оны видеоға түсіреміз. Үйге су кіргенін, мүлкінің бүлінгенін айтып, көрсетіп береді. Соны тіркеп, жалпы санын жазып аламыз», - Ақтөбе қалалық Дәурен Тауасаров.
Оның айтуынша, кейбірі тұрмыстық техникасын жоғары көтеріп үлгерсе, кейбірі мүлде алып шыға алмаған. Қазір тұрғындар үйдегі су дүниелерін далаға шығарып тастады. Алдын ала тіркеу комиссиясының жұмысынан соң бағалаушылар жіберіледі.
«Мен үйімді 2009 жылы салдым. Өз еңбегіммен салған баспанам. Ең бірінші 2017 жылы су кірді. Ол кезде 1 метрге көтерілген еді. Ал биыл 1 м 60 см дейін көтерілді. Қазір іргетасынан бастап қабырғасына дейін сыр бергенін көріп тұрмын. Бәрін қайта бекітіп, жаңарту керек. Тек бүлінген мүлік құнын қазіргі нарыққа сай етіп бағалап берсе дейміз. Құрылыс материалын, техниканы қазіргі құнымен есептегені дұрыс. Себебі біз әр затты қайта сатып алып, бұзылғанды жөндеуге маман да шақыруымыз керек», - деді «Эко» бау-бақша ұжымының тұрғыны Нұрымжан Әбдіхалықов.
Оның айтуынша, «Эко» бау-бақша ұжымы Елек және Қарғалы өзендері тоғысатын Кірпішті тұрғын алабында орналасқан. Сондықтан екі өзеннің қай-қайсысы көтерілсе де мұнда су кіруі мүмкін. Тұрғын бегетті қазіргідей 1,5-2 метр емес, 3 метрге жеткізіп, сазбен нығыздауды ұсынды.
«Қазір тұрған бөгет әлсіз. Өзен түбіндегі құмды жағаға шығара салған. Ағыс қатты болғанда оны бұзып кетеді. Біз үй жөндеумен қатар, бөгетті нығайту жұмысын атқарса дейміз. Оны нормативке сай, құм, сазбен бекіткен дұрыс», - деді Нұрымжан Әбдіхалықов.