Ақтөбеде сұйытылған газ неге тапшы

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Министрлік өңірде тіркелген көлік санына қарай газ көлемін бөлгенімен, транзиттік сұраныс ескерілмеді. Ақтөбеге ай сайын 13 мың тонна бөлінсе, оған тағы 3 мың тонна қосу керек. 

ҚР Энергетика министрлігі Ақтөбеге ай сайын 13 мың тоннадан астам сұйытылған газ бөліп отыр. Бұл өңір сұранысын толық қамтуға жетпейді.

- Проблема бар. Біз оны министрлікке жеткізіп, қосымша газ бөлу қажет екенін дәлелдедік. Қыркүйек айында зауытта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сол кезде тапшылық байқалады. Сонымен бірге транзиттік көлік саны ескерілмей келді. Газ қондырғысы бар көлік саны салық органдарынан алынады. Интеграцияланған құжаттағы көлік санын министрлікке жібереміз, соған қарай сұйытылған газ көлемі бөлінеді. Ай сайын 13 мың тонна қарастырылады. Сонымен бірге Ақтөбе халықаралық тасжол бойында орналасқан. Транзиттік көлік көп. Соны ескеріп, келер жылға тағы қосымша газ көлемін бөлу туралы келісім жасалды. Себебі бөлінген газ көлемінен тағы 3 мың тонна қосу керек. Министрлік қажетті көлемді бөлсе, бәрі жеткілікті болады, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандарда сұйытылған газ тапшы. Кейбір газ құю бекеттері тек талон арқылы қызмет көрсетсе, кейбірінде мүлде жоқ.