Ақтөбеде сұйытылған газ ұрлаған 26 адам сотталды

Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Олардың барлығы мұнай компаниясы мен тасымалдауды ұйымдастыратын мердігер мекеменің жұмысшылары.

Мұғалжар аудандық сотында Қылмыстық кодектің «Ұрлық» бабы бойынша іс қаралды. Қылмыстық жауапқа тартылған 26 сотталушының бәрі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты газ өңдеу зауытында, олардың мердігері «Сапфейрус» ЖШС, «ЖелДорТрансАқтөбе» ЖШС-де жұмыс істейді. 

Іс материалына сүйенсек, 2023 жылы Жаңажол мұнай газ өңдеу кешенінің жұмысшысы Р.Самуратов сұйытылған газды тиеу және тіркеу инженер диспетчері, цех шебері және аға операторы, сонымен бірге мердігер «Сапфейрус» ЖШС-нің шебері, «ЖелДорТрансАқтөбе» ЖШС-нің станция басшысы, кезекшісімен бірге сұйытылған газды ұрлау туралы жоспар құрады. Сотталушы Р.Самуратов теміржол қызметкерлерімен бірге 2024 жылдың тамыз айында 25 415 кг (25 тонна – ред.) сұйытылған газды заңсыз тасымалдайды. Ұрлық дәл осы жолмен бірнеше айға созылып, «СПНС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на 34 829 524 теңгеге мүліктік залал келтірді. 

Сот отырысында сотталушы Р.Самуратов өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол тек 2025 жылдың ақпан айында ұрлық жасағанын айтты. Қылмыстық топ цистерналарға сұйытылған газды асыра толтырып отырған. Сөйтіп 60 280 келі сұйытылған мұнай газы есепке алынбаған. Бұл ұрлық 2024 жылдың тамыз айы мен 2025 жылдың ақпан айы аралығында болды. Бәрі де Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің жұмысшылары және Мұнай өнімдерін сату және өткізу басқармасының қызметкері, сонымен қатар «Сапфейрос» ЖШС және «ЖелДорТранс Ақтөбе» ЖШС-нің жұмысшылары. 

Сот үкімімен сотталушы Р.Самұратов Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінəлі деп танылып, түпкілікті 5 жыл 2 ай 12 күн мерзімге бас бостандығынан айырылды. Е. Балмағамбетов, Қ. Беренұлы, С.Жанмедетов, М. Мамбетжанов, Р. Шаукаровқа 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылыққа іліккен Е. Балмағамбетовке 3 жыл 4 ай, Қ.Беренұлына, С. Жанмедетовке, М.Мамбетжанов, Р. Шаукаровқа түпкілікті 4 жыл жаза кесілді. 

Д.Әбішев, Н. Беренияз, Д. Қожахметов, Ш. Байбарақов, Ж.Телімов, Р. Менешов, Д. Омаров, А. Жақсылықов, А. Баймұхан, М. Бекбол, М. Молдашев, Б. Шынбаев, М. Қосжановқа рақымшылық жасалып, 4 жылға шартты жаза тағайындалды. Сотталушы Т.Құлмырза, А.Нұрымбет, А.Ғалымов, Ә.Темірғалиев және Н.Қуандыққа рақымшылық жасалып, жазаның бір бөлігі қысқартылды. Түпкілікті 2 жыл 9 ай 18 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталушы Қ.Меңдіғарин мен А. Әлиевке 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 

Ал бір сотталушының пәтері мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Ақтөбеде бірнеше ай бойы сұйытылған газ тапшы болды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров келер жылға бөлінетін көлем көбейетінін айтты.