Ақтөбеде Т-Gaz газ құю бекетінде көлік өртеніп кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Газ құю бекетінің операторын күйік шалып, ауруханаға түсті.
Оқиға Ақтөбе қаласы Астана ауданы Едіге батыр даңғылы бойында орналасқан автогаз құю станциясында болды.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 литрлік тұрмыстық газ баллонын толтыру кезінде жеңіл автокөлік өртенді. Өрт кезінде газ баллоны жарылмады.
- Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді. Өрт резервуар мен инфрақұрылымға таралмады. Оқиға салдарынан автогаз құю бекетінің операторын күйік шалды. Зардап шеккен жұмысшыға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ол дереу медициналық мекемеге жеткізілді,- деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқас травматология бөліміне жеткізілді. Қазір жағдайы тұрақты, науқас есін біледі.
Еске салсақ, жұмада Астанада үш қабатты базар ғимараты өртке оранды. Оқыс оқиға Астана қаласы Байқоңыр ауданы Алаш тас жолының бойындағы базарлардың бірінде болды.