Жол-көлік апаты бүгін сағат шамамен 14:00-де Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік айналма жолда екі көлік соқтығысты. DAF және Toyota көлігі соқтығысып, жеңіл машина жүргізушісі ауруханаға түсті. Ақтөбе облыстық ПД Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ануар Ибраевтің айтуынша, жеңіл көлік жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған.
«Жедел жәрдем оқиға орнына барып, 1 адамды ауруханаға алып кетті. 29 жастағы ер адамға миы шайқалды деген диагноз қойылды. Ол дәрігерлерден кеңес алған соң ауруханаға жатудан бас тартты. Сонымен бірге көлікте болған 18 жастағы жігіт ауруханаға барудан бас тартты. Ал 38 жастағы ер адам дәрігерге шағым айтпады», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, осы айда Ақтөбеде жүк көлігі мен жеңіл машина соқтығысып, бірнеше жол-көлік апаты тіркелді. Әйтеке би ауданынан Маңғыстаудағы футбол турниріне бара жатқан балалар апатқа ұшырап, көлік ішінде болған 8 адам мерт болды.
Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 416 жол-көлік апаты болды. Онда 94 адам көз жұмды. Қазіргі кезде Самара-Шымкент тасжолында қауіпсіздік үшін кезекшілік күшейтілді. Полиция қызметкерлері ілесіп жүруге көшті.