Ақтөбеде тағы да қоқыс полигоны өртеніп жатыр
Қоқыс полигонындағы өрт бүгін сағат 10:40-та тұтанған.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі «Табыс Ақтөбе» ЖШС-не тиесілі қатты тұрмыстық қалдық полигонының аумағында қоқыс және құрғақ шөп жанып жатқанын хабарлады.
«Сөндіру жұмыстарына өрт сөндіру бөлімдері және «Табыс Ақтөбе» ЖШС-нен, Оман шаруашылығынан жалпы 46 қызметкер мен 21 бірлік техника жұмылдырылды. Қоқыстың бықсуын жою және құммен жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, осыдан он күн бұрын ғана қоқыс полигоны өртеніп, ол кезде де құм төселді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен өрт сөндіру қызметінің, «Табыс Ақтөбе» ЖШС және басқа да мердігерлердің арнайы техникалары тартылды.
Қала әкімі түнгі ауысымда жұмыс барысын тоқтатпай, қосымша күш тарту арқылы жаппай топырақ төгіп, өрт ошақтарын сөндіру туралы тапсырма берді.
«Биыл өрт оқиғасы бірнеше рет қайталанып отыр. Мұны тұрғындар жақсы біледі. Бұл полигон 2007 жылы ашылып, бүгінге дейін қоқыс қабылдады. Өзінің қабылдау мүмкіндігін аяқтады десе де болады», - деді қала әкімі Азамат Бекет.