Ақтөбеде тақырға айналған жайылымға еркекшөп пен жоңышқа егіледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбенің екі ауданында тақырға айналған жайылымға еркекшөп пен жоңышқа егіледі. Ал олардың жақсы шығуы үшін үйеңкі, жиде, қарағаш, қараған көшеті отырғызылады.
Ақтөбеде «Қазақстандағы жайылымдық жерлердің климаттық тұрақтылығын агромелиорациялау» жобасы аясында жұмыс басталды. Әйтеке би ауданының Аралтоғай және Мұғалжар ауданының Талдысай ауыл округтері таңдалды. Екі ауылға Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары барды. Аумағы 2500 гектар болатын жайылымды қалпына келтіру үшін 550 га жерге агро орман жүйесі қолданылады. Қазіргі кезде пилоттық жобаға келіскен фермер мен шаруа қожалықтары таңдалды.
Талап бойынша жер пайдаланушылар жергілікті топырақ және табиғатқа бейімделген еркекшөп пен түйежоңышқа егеді. Ал шығым жақсы болуы үшін үйеңкі, жиде, қарағаш, қараған сияқты ағаштардың көшеті отырғызылады. Оларға көшет пен екпешөп тұқымы тегін беріледі. Шаруалар техника мен жұмыс күшін өздері ұйымдастырады.
- Жобаны Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бірлесіп қолға алды. Жер иелері жоба сарапшылары ұсынған технология талаптарын сапалы және дер кезінде орындауы тиіс. Тозған жайылымдағы агро орман жүйесі жауын мен қар суының топыраққа сіңуіне мүмкіндік береді, тасқын қаупін азайтады. Аптап ыстықта малға көлеңке, ал қыстың қытымыр аязында ықтасын болады. Жоба сарапшылары «Жайылымдар туралы» Заңының талаптарына сәйкес ауылдық округтерге 5 жылдық жоспар дайындады. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу, мамандар даярлау және фермерлер үшін арнайы тренингтер өткізу мәселелері де қарастырылған. Сонымен бірге Жайылым пайдаланушылардың қоғамдық кеңесі құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы билік, ардагерлер, әйелдер және жастар ұйымдарының өкілдері, білікті мамандар мен фермерлер кірді, - деп хабарлады Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы.
Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы мен Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжі далалық жайылым мектебін ұйымдастырудың нақты қадамдары белгіленген меморандумға қол қойды.
Еске салсақ, елімізде 30 млн гектар жайылым табиғат әсерінен, ал 27 млн гектар жер мал таптағаннан жарамсыз күйге түсті. Бұған дейін Kazinform жерлерді қалпына келтіруге арналған пилоттық жобаның қалай басталып, қандай жұмыс атқарылып жатқанын анықтап білді.