Ақтөбеде тарату стансасында газ шығып, екі шағын ауданды иіс жайлап кетті
Ақтөбе қаласы Береке тұрғын алабы, Батыс-2 шағын ауданы маңында газ тарату стансасынан ақау шықты. Түнде жарты сағатқа жуық уақыт қатты дыбыстан терезе әйнектері де қозғалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Оқиға 9-қазан күні сағат 21:30 шамасында болды. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабарлама арада 20 минут өткенде жетті. Онда Береке тұрғын үй алабы ауданындағы реттеу станциясында газ жарылысы болғаны туралы айтылған. Алайда мамандар барған кезде газ құбырында ақау бар екені анықталды.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, газ шыққанымен, өрт болмады. Шақырту орнына «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ қызметкерлері де барып, газ жіберіп тұрған құбырды жапты. Дегенмен тұрғындарға газ жеткізуде еш кедергі болмаған. https://www.instagram.com/reel/CyMDX8BKcMt/?igshid=MzRlODBiNWFlZA==
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы да барған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтің айтуынша, екі бригада жіберілгенімен, жақын тұратын үйлерден денсаулығына шағым айтқан адам болмаған.
Айта кетейік, Kazinform тілшісі таңертең оқиға орнына барды. Онда қауіпті аймақтың қоршалғанын, газ тарату стансасы маңында қара дақтар мен топырақтың шашылғанын көрді. Әзірге жұмысшы тобы көрінбеді. Құбырдан газ шығуына не себеп болғаны туралы бір сағаттан өтетін брифингте айталады.