Ақтөбеде тасқыннан бүлінген мүлікті бағалау жұмысының ақысы белгілі болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан өтініш қабылданып жатыр. Бүгінде бағалау компанияларының мүлікті бағалау құны белгілі болды.
Ақтөбе облысы бойынша 529 үйдің жарамсыз күйге түскені белгілі. Қазір жаңасы салу жұмыстарына шамамен 22 млрд теңге жұмсалады деген болжам бар.
Ал мүліктік шығынды есептеу үшін әр үйге шамамен 130 мың теңге жұмсалады.
— Штаб отырысына бағалау палатасының бағалаушылары шақырылды. Олар алғашқыда бір үйді, ондағы мүлікті бағалау құнын 85 мың теңге деп айтты. Кейін біз Қазақстанның өзге облыстарындағы бағаны сұрап, түркістандық бағалаушылардың қызмет ақысын білдік. Олар 50 мың теңге деп отыр. Ақтөбелік мамандармен келісіп, 50 мың теңгеге келісім жүрді. Біз бағалаушылардың әр затты қарап, құнын шығаратынын ұмытпауымыз керек. Тек үйді 25 мың теңгеге бағалайды. Тоңазытқышты бағалау үшін 5 мың теңге, кір жуу машинасы болса тағы 5 мың теңге. Біз 50 мың теңге береміз, оған жылжымалы және жылжымайтын мүлік қосылады деп отырмыз. Ал техникалық тексерудің бастапқы бағасы 145 мың теңге болды, оны 80 мың теңгеге келістік. Бір үйге сонда 130 мың теңге шығып отыр, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы.