Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ескерткіш – ел тарихы» акциясы өтті

Фото: Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – 29 тамызда Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен «Ескерткіш – ел тарихы» акциясына өңір жастары белсенді түрде қатысты. 

Іс-шараға қатысқан «Жас Инвент» жастар ұйымының көшбасшысы Дана Жүсіп халқымыздың мәдени-тарихи мұрасын сақтауға үлес қосуды, ұлы қайраткерлерімізді еске алуды міндеті санайтынын жеткізді. 

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Акцияның басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени-тарихи мұраны қорғау мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударту.

Ақтөбе облысында ескерткіштерді қалпына келтіру, сондай-ақ олардың бастапқы келбетін қалпына келтіру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өйткені, олардың арқасында өткенмен байланыс сақталады және мұра болашақ ұрпаққа беріледі.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

«Ескерткіш – ел тарихы» акциясы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш-обелиск және аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалда өтті.

«Жас Инвент» жастар ұйымының белсенділері ескерткіштер аумағындағы қоқыстарды тазартты, ал мердігер ұйымдар жарылған плиткаларды ауыстырды, ескерткіштердің жарықтандырылуын жаңартты.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

 

Ескерткіштер аумағын жөндеу, абаттандыру мен тазалау акциясы облыстың барлық ауданында өтті.

Анықтама: Ақтөбе облысында мемлекеттік тізілімге енгізілген барлығы 863 ескерткіш бар. Оның 9-ы республикалық, қалғандары жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Сондай-ақ археологиялық ескерткіштер – 669, монументалды өнер ескерткіштері – 58, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері – 87, ансамбльдер – 6, киелі нысандар саны – 43. Бұдан өзге, тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын ала есепке алу тізімінде 1 431 нысан тіркелген.