Ақтөбеде Тұңғыш Президент атындағы саябақ кеңейтіліп жатыр

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде облысында денсаулық, білім, спорт саласына қатысты саябақтар мен гүлзарлар ашылды. Әрі Тұңғыш Президент атындағы саябақ кеңейтіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында барлығы 66 саябақ пен гүлзар бар. Соңғы үш жылда 48 демалыс орны қала тұрғындары мен қонақтардың игілігіне берілген. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, демалыс орындары «Tуған жерге тағзым» акциясы аясында салынып, жаңартылды. Бұл жұмыстарға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, түрлі кәсіпорындар мен белсенді азаматтар қатысты. Қазіргі күні спорт және ойын алаңдары, веложолдар балалар мен ересектердің бос уақытын тиімді өткізуге берілді.

  «Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен медициналық қауымдастық Батыс-2 тұрғын үй кешенінің тұрғындарына «Денсаулық саябағын» сыйлады. Саябаққа 1 500-ден астам ағаш отырғызылып, футбол алаңы, велосипед жолы, үстел теннисі мен воркаут алаңы салынды. Ал Болашақ шағын ауданында жаңа «Made in Aktobe» гүлзары ашылды. Қаржыгерлер өз гүлзарына «100 теңгелік» архитектуралық мүсінді орнатты. Ал қаладағы ірі мұнай компаниясы «Достық» отбасылық саябағынашты. Аумағы 14 гектар болатын саябақтың құрылыс жұмыстарына 220 миллион теңге жұмсалды. Мұнда да балалардың ойын алаңы, волейбол, баскетбол, шағын футбол алаңдары, үстел теннисі мен жаттығу алаңы бар»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жыл соңына дейін тағы үш гүлзар пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, облыс орталығында бір шақырым болатын жүргіншілер арбаты ашылады. Мұнда субұрқақ, суретшілер аллеясы іске қосылып, қала тұрғындары мен туристердің демалуына жағдай жасалады. Әрі Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ кеңейтіліп, Астана саябағы салынады.

«Тұңғыш Президент атындағы саябақты кеңейтіп, соның аясында Астана саябағы салынады. Мұнда этно ауыл болады. Әрі су жағасында ғашықтар аллеясы жасақталып, тарихи ескерткіштерге орын беріледі. Жобаны іске асыру үшін құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.