Ақтөбеде тұрақтандыру қорындағы картоп сатуға шығарылды

Фото: Валерий Бугаев/ Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Өңірде картоптың келісі 207-210 теңге болып кетті. Бір ай бұрын келісі 160-180 теңге болған.

Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, тұрақтандыру қорына сақталған картоп әлеуметтік дүкендерде сатыла бастады. Себебі өңірде көкөністің бұл түрінің бағасы көтерілген.

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тұрақты бақылауда. Баға өсу динамикасы байқалғанда өнім сауда нүктелеріне шығарылады. Қазіргі таңда картоп бағасының өсуі байқалып, қордағы өнім әлеуметтік дүкендерге шығарылды. Келісі - 165 теңге, - деп жазды Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы әлеуметтік желідегі парақшада.

Форвардтық келісімшарт аясында биыл 9036 тонна картоп, 1478 тонна пияз, 2078 тонна сәбіз, 2202 тонна қырыққабат сақтау жоспарланды. Сонымен бірге қарақұмық, өсімдік майы, қант, күріш сақтаулы.

Айта кетейік, барлық өңірде көкөністерді сатып алу жұмыстары толығымен аяқталды. Көкөністер мен сиыр еті бағаларын тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер халықтың үш айлық сұранысына сәйкес сатып алу көлемін 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты.