Ақтөбеде тұратын алты мыңнан астам шетелдік тексерілді

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Олардың кейбірі тұрғылықты мекенжайын ауыстырған, құжаттарының мерзімі өтіп кеткен. Сондай-ақ шетелдіктерді заңсыз тіркеуге қойған пәтер иелері де жауапқа тартылды.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері өңірде тұрақты тұратын 6 мыңнан астам шетелдікті тексерді. Тіркеу кезінде көрсеткен мекенжайға барып, құжаттарын қарады.

- Кейбір шетел азаматтары нақты тіркелген мекенжайында тұрмайтын болып шықты. Бір бөлігі ұзақ уақыт Қазақстаннан тыс жерде тұрған. Кейбірі өзге өңірлерге қоныс аударған, бұл деректерін уақытылы жаңартпаған. Қазіргі уақытта бұзушылыққа жол берген адамдардың елде тұрақты тұру рұқсат құжатының күшін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, тіркеу мекенжайында тұрмайтын шетел азаматтарының нақты орналасқан жері анықталады,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ақтөбеде кейбір пәтер иелері шетелдіктерді өз үйіне тіркеуге рұқсат берген. Барлығы 6 пәтер иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен бірге төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен 27 шетелдік жауапқа тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, Алматыда көші-қон заңын бұзған 35 шетелдік елден шығарылды. Барлығы 134 адам әкімшілік жауапқа тартылды.