Ақтөбеде тұрғын үйдің қабырғасына Әлия мен Мәншүктің портреті салынды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде тұрғын үйдің қабырғасына қазақтың қос батыр қызы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың портреті салынды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақтөбенің үйі біркелкі» деген сынынан соң көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін бояу, сурет салу жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Тұрғын үйлердің қабырғасын бояу кезінде жергілікті биліктің жұмысы сынға да ұшырауда .  Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс тоқтаған жоқ. Жергілікті дизайнерлер Батыс-2 ауданындағы «Денсаулық» саябағы маңында спорт тақырыбын қамтитын суреттерді салып, кейін қазақтың қос батыр қызы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың портретін қолға алды.

«Ақтөбе қаласының құрылыс кеңесі Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың суретін салу туралы ұсынысты қолдады. Жергілікті дизайнерлер салған сурет 3 жылға шыдамды. Алдағы уақытта «Мәңгілік ел», өнер тақырыбы қамтылады. Кеңес шешімімен соң демеушілердің көмегіне жүгінеміз»,- деді Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Танат Шегебаев. Жергілікті билік үйлердің қасбетін бояу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлмейді. Бәріне кәсіпкерлер қолдау көрсетіп отыр. Биыл құрылыс компанияларынан да үйдің қасбетіне салу ұсыныстары түскен. Дегенмен Ақтөбе қаласының әкімдігі құрылыс компаниясы салған Мұстафа Шоқайдың суретін жарамсыз деп танып, оны қайта бояуға міндеттеді .  Қазіргі кезде қалада бірнеше үй боялып жатыр. Тұрғындар сын айтып, түстердің дұрыс таңдалмағанын ескертсе, оны қайта бояуға мүмкіндік бар.