Ақтөбеде үлескерлерді 421 млн теңге шығынға батырған компания басшысы кінәсін мойындады

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде «Жилище» тұрғын үй-кооперативінің басшысы Нұрлан Каусов сот алдында жауап беріп жатыр. Ол үлескерлерден ақша жинап, үй құрылысын уақытылы тапсырмады. 

№ 2 Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекестің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қаралып жатыр.

«Жилище» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы Нұрлан Каусовқа 421,9 млн теңгені иемденді, қажетіне жұмсады деген айып тағылды. Кәсіпкер 5 қабатты екі үйдің тек жертөлесін қазып, іргетасын қалаған. 

– Сотталушы Нұрлан Каус 2013 жылы облыстық әділет департаменті арқылы «Жилище» тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрды, тіркеді. 2018-2020 жылдар аралығында сотталушы Ақтөбе облысында жаппай көпқабатты үй салынып жатқанын көріп, тез пайда табу мақсатында алаяқтық жолды таңдайды, үлескерлердің ақшасына үй салуды жоспарлайды. Сөйтіп 2018 жылы Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен нысанды жоспарлауға рұқсат алады. 2019 жылы 5 қабатты үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап, 2020 жылы аяқтау ойлайды. Сонымен бірге 2019 жылы тағы бір 5 қабатты үй салуға келісім алады. Бұл үйді 2021 жылы бітіруі тиіс болған, - деді сотта прокурор Қуаныш Күзенбаев. 

Сонымен қатар ол Қаусовтың үлескерлерден 421,9 миллион теңге ақша жинап, оның 184 миллионын қалтасына басқанын айтты. 

– Қаусов үйдің 1 шаршы метрінің бағасы әлдеқайда жоғары екенін біле тұра әр шаршы метрін 90-130 мың теңге деп көрсетеді. Тұрғын үй-құрылыс кооперативі нормасының талаптарын бұзып, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ЖШС-мен келісімшартқа қол қояды. Ол ЖШС-нің де директоры мен құрылтайшысы өзі болады. Үлескерлердің сеніміне кіру үшін құрылысты жартылай жүргізіп қояды. Бір үйдің жертөлесін қазып, іргетасып құю үшін 131 млн теңгеден астам қаржы, екінші нысанда да жертөлесі қазылып, іргетасын қалау, бірінші қабатын көтеру үшін 105 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сотталушы Қаусов үлескерлерден барлығы 421,9 млн жиналды. Оның 237 млн теңгесі құрылыс-монтажға жұмсалды. Қалған 184 млн теңгесін өзі иемденіп алған, - деп толықтырды сөзін Қ. Күзенбаев. 

Тергеу кезінде кәсіпкердің екінші деңгейлі банк есепшотынан бар болғаны 234 мың теңге табылды. Бұл шығынды өтеуге жетпейді. Прокурор сотталушыны айыпты деп танып, түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Үлескерлердің арызы азаматтық іс ретінде қаралуы мүмкін. 

Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысы бойынша құрылысы аяқталмай, кідіріп қалған 31 нысан болды. Оның 8-і мектеп еді.