Ақтөбеде ұңғымадан аққан мұнай аралас сұйықтық 3 мың шаршы метр аумақты ластады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында мұнай ұңғымасынан беймәлім сұйықтық ағып, айналаны ластаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

31 қазан күні Ақтөбе облысының экология департаментіне «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ қарасты «Кеңқияқмұнай» КМГДБ №797 ұңғымасынан сұйықтық аққаны туралы хабар түскен.

Аталған дерек бойынша департамент инспекторы оқиға орнына барды.

Оның барысында мынадай келеңсіз жайт анықталды.

«29 қазан сағат 22.30 шамасында №797 ұңғымада негізгі оқпанның дәнекерлеу тігісі жарылған. Ластанған аумақтың көлемі - 3168 шаршы метр (66*48). Апат салдарын жоюмен «Ақберен» ЖШС айналысады» делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Апат болған жерді тексеру барысында №797 ұңғымадан мұнай ластаған су әлі ағып жатқаны белгілі болды.

Ластанған аумақ өлшеніп, сынама алынды. Кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен акт жасалды.

Департамент орын алған жағдайға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді.