Ақтөбеде үш ер адам марихуананы екі бөшкеге салып, шатырға жасырған

АСТАНА. KAZINFORM — «Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты деректі анықтады. Облыс орталығында үш адам ұсталып, олардың бірінің үйінің шатырынан 25 келіден астам марихуана табылды.

Фото: Polisia.kz

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс орталығының үш тұрғыны қолға түсті.

Тұрғын үйлердің бірінде жүргізілген тінту кезінде қызметтік ит үйдің шатырынан екі бөшкені тапты. Олардың көлемі — 50 және 25 литр. Бөшкелердің ішінен өсімдік тектес зат тәркіленді. Сараптама оның марихуана екенін растады. Жалпы салмағы 25 келіден асады.

Бұдан бөлек, екінші күдіктінің үйін тінту кезінде полиция есірткі болуы мүмкін зат салынған пакет пен оны тұтынуға арналған құралдарды тәркіледі.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған үш азаматтың барлығы қолға түскен кезде есірткілік масаң күйде болған.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ есірткінің жеткізілуі мен таралуының ықтимал жолдарын анықтап жатыр.

Еске салайық, мұның алдында Ақтауға 113 капсула есірткі жұтып келген Иран азаматы сотталғанын хабарлаған едік.