Айшуақ ауылының тұрғыны Алинұр Шонанованың айтуынша, оқиға 29-қыркүйек күні болған. Анасы 2 жасқа толмаған баласының бетіндегі жараны көріп, бірден балабақша ішіндегі бейнебақылау камерасының жазбасын қарауға барған. Видеодан балабақша тәрбиешісі көмекшісінің ұйықтап жатқан бала жанына барғанын көруге болады.
- Балабақшаның бұрынғы меңгерушісі мен қызметкері арасында сот процесі болып жатыр. Тәрбиешінің көмекшісі сол меңгерушінің туған сіңлісі. Ол тәрбиешінің аяғынан шалу мақсатында осылай жасаған деп ойлаймын. Екі ортада менің балам зардап шекті. Бетінде тырнақ іздері қалып қойды. Бұл адамдар қоғамға өте қауіпті. Сол үшін заң органдары тиісті шарасын қабылдауы керек. Әлеуметтік желіге салғым келмеген. Ойлана келе салу керек деп шештім. Жай жұмыстан шығармай, заң аясында шығаруды талап етемін. Кешірім бермеймін,- деп жазды Алинұр Шонанова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, балабақша қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілді.
- Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысы бар қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Аталған жағдай білім басқармасының бақылауында,- деп хабарлады басқармасының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Атырауда жекеменшік балабақша тәрбиешісінің бүлдіршінге күш қолданғаны видеоға түсіп қалды.