Ақтөбеде үйлердің бірінің ауласынан 14 жастағы мектеп оқушысының мүрдесі табылды
20:05, 10 Қазан 2013
АҚТӨБЕ. 10 қазан. ҚазАқпарат - Тургенев көшесі бойындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласынан сөмкеге салынған 14 жастағы қыз баланың мүрдесі табылды.
Бүгін зауыттық полиция бөлімінің бастығы Самат Аисов хабарлағандай, 9 қазан күні полицияға 44 жастағы қыз баланың әкесі, Ақтөбе қаласының тұрғыны қызының жоғалып кеткендігі туралы хабарласқан. 8 қазанда қыз бала таңертең мектепке бірге келу үшін жолдас қызының үйіне қонуға сұранып кеткен. Алайда, ол мектепке келмеген.
Дәл сол күні, 9 қазанда, полицияға мүрденің табылғаны туралы телефон қоңырауы келіп түсті.
Медициналық сараптама қыз баланы тексеріп, дене жарақатының жоқ екендігін, оны қылқындырып өлтіргенін анықтады. ҚР ҚК 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.