Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі героинмен ұсталды
13:27, 14 Қараша 2012
АҚТӨБЕ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Облыстық ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері келіп түскен жедел ақпарат бойынша Киреев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болып табылатын 33 жастағы ақтөбелікті қолға түсірді,
деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Жеке тексеру барысында одан ішіне ұнтақталған заты бар 11 полиэтилен орамалары салынған сіріңке қорапшасы алынды. Сараптама көрсеткендей, бұл зат жалпы салмағы 3 грамға жуық героин болып шықты.
Күдікті есірткіні қайдан алғанын түсіндіруден бас тартты, бірақ оны жеке тұтыну үшін қалдырғанына сендіргісі келді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 259 бабымен («Есірткілік заттарды сақтау») қылмыстық іс қозғалды, күдікті азамат қамауға алынды, бұған дейін оның осыған ұқсас қылмысы үшін сотталғаны анықталды.