Ақтөбеде үздіксіз жұмыс істейтін балалар лагері салынады

None
  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагері салынады. Үздік оқушылар тынығып, сабақтарын лагерьде жалғастыра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп, колледж оқушыларымен, мұғалімдермен кездесті. «Тәуелсіздігім - арманым, сыйымды саған арнадым» тақырыбын қамтыған кездесу кезінде ұстаздарға «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар берілді.

«Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы білімді, мәдениетті, тәрбиелі, денсаулығы мықты азаматтарға байланысты. Сол азаматтарды білімге тәрбиелейтін ұстаздар. Ақтөбе балаларының халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз болуына ұстаздар еңбек етті. Соңғы жылдары 3 мыңға жуық ақтөбелік оқушы халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, 1 мыңға жуығы жүлделі болды. Олар Ақтөбенің, Қазақстанның абырой, беделін арттырды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес білім саласына ерекше көңіл бөлеміз. Жақсы білім беру үшін жақсы материалдық-техникалық база керек. Соңғы 3 жылда Ақтөбеде 21 жаңа мектеп салынды. Биыл 15 мектеп іске қосылды. Қазір 32 мектептің құрылысы жүріп жатыр»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы кездесуге келген оқушылар мен ұстаздарға жақсы жаңалық жеткізді. Ақтөбеде үздіксіз жұмыс істейтін лагерь салынады. 300 балаға арналған лагерь халықаралық стандарттарға сай болады. Лагерь үздік оқушыларға, олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүрген оқушыларға арналады. Алғыр, үздік оқушы бір ай демалып, лагерьде сабағын жалғастырады. Бұл балалар арасындағы қызығушылықты арттырып, олардың белсенділігін күшейтуге арналған жоба. Кездесу кезінде жылдың үздік оқушылары да марапатталды. Өз білімімен, шығармашылығымен оқ бойы озық шыққан балалар естелік сыйлық, алғыс хат алды.

«Лондон қаласында өткен үздік жобалар байқауына қатыстым. Ақтөбелік команда байқауда жеңімпаз атанды. Жобамызда халықаралық әуежай таныстырылды. Әлемнің әр түкпірінен келетін ұшақтар кез келген уақытта әуежайға қона алады және ұшақ қондыруда шектеу болмайды. Біз математика, физика есептерін қолданып, ұшақтардың қону уақытын шығарған болатынбыз. Бұл әуежай елімізде жоқ. Егер салынса, біздің жобамыз өте ыңғайлы болады»,- деді мектеп оқушысы Нұр Қами.

Үздіктер арасында спортшылар мен жас ақындар, бишілер мен әншілер бар.