Ақтөбеде зағиптар қоғамы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған спектакль қойды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен, қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен «Снайпер» қойылымы сахналанды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жеңістің 80 және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Снайпер» қойылымы — қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің алғашқы бірлескен жұмысы.
— Біз осы қойылым арқылы батыр қыздың ерлігін, қайсарлығын және адамгершілік қасиеттерін жастарға өнеге етіп, оның жарқын бейнесін еске алуды жөн көрдік.
Қойылымның форматы ерекше болды. Көріністе соғыс сахналары мюзикл нұсқада қойылды. Бұл тәжірибе — біздің алғашқы бастамамыз. Ең басты мақсат — мүмкіндігі шектеулі жандардың бойындағы өнерді шыңдау, қолдау көрсету. Қойылымға 6 өнерпаз қатысты. Олар өздерінің алғашқы дебюттерін сәтті орындады. Алдағы уақытта тағы да осындай іс-шараларды ұйымдастыру жоспарда бар, — деді әдіскер Ерболат Есенбекұлы.
Қойылым өнерсүйер қауымға ерекше әсер қалдырды. Әлия рөлін сомдаған Жарқын Бақберген көрермен жүрегін жаулап, олардың ыстық ықыласына бөленді. Кейбірі көзіне жас алып, өнерпаздарға алғыс білдірді.
Осыған дейін Топай асық жинаған ақтөбелік коллекционер Гиннесс рекордтар кітабына енгісі келетіні белгілі болды.