Ақтөбеде жабылған университет студенттері өзге жоғары оқу орындарына ауысып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазақ-орыс халықаралық университеті әкімшілік жауапқа тартылған, лицензиясынан айырылды. Студенттер өзге жоғары оқу орындарына ауысқан кезде де ҰБТ қорытындысын талап етіледі.
Биыл көктемде Қазақ-орыс халықаралық университетінің жабылатыны белгілі болды. Ата-аналардың шағымынан соң Ғылым және жоғары білім министрлігі жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру кезінде ЖОО-ға қойылатын 22 тармақтың сақталмағаны анықталды. Оның ішінде:
— біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі;
— жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерін бұзылуы;
— оқуға қабылдау ережесін сақтамауы;
— мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарына сәйкес келмеуі тіркелді.
— Тексеру қорытындысы бойынша университет әкімшілік жауапқа тартылды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 20 маусымдағы № 940 бұйрығы негізінде Қазақ-орыс халықаралық университеті білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген лицензия және лицензияға қосымшаларынан айырылды. Білім алушыларды басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру мәселесі бойынша құрылған жұмыс тобы 26 мамыр мен 5 маусым аралығында Ақтөбе қаласында кешенді жұмыс жүргізді. 6 жоғары оқу орнының өкілдерінен құралған жұмыс тобы (оның ішінде Атырау, Орал, Ақтөбе қалаларының ЖОО-ы), Ақтөбе облысы әкімдігінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері және ата-аналарына кездесу өткізді. Басқа жоғары оқу орындарына ауысу, академиялық айырмашылықты тапсыру, оқу ақысын төлеу, жатақханадан орын беру тәртібі және т. б. сұрақтарға жауап беріп, түсіндіру жұмысын жүргізді, — деп жауап берді Ғылым және жоғары білім министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына.
Түсіндіру жұмыстарынан соң 1100-ге жуық студенттің құжаттары өзге жоғары оқу орындарына ауыстыруға дайындалған. Министрлік ақпаратына сүйенсек, олар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Баишев университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде оқуын жалғастыра алады. Тіпті Қазақстанның кез келген ЖОО-на ауысу құқығын да бар. Бірқатар студент оқуын басқа қалалардағы жоғары оқу орындарында (Алматы гуманитарлы-экономикалық университеті, Қонаев университеті, Мирас университеті, Тұран-Астана университеті, Каспий университеті, Жәңгірхан университеті, Q-университеті, Бөкетов университеті, Дулатов атындағы Қостанай университеті, Орынбор мемлекеттік университеті, Қазақстан-Америка еркін университеті және т. б. — министрлік) жалғастыруға шешім қабылдап, құжаттарын алған. Олар 9 бакалавриат мамандықтары, яғни, Бизнес және басқару, Тілдер және әдебиет, Сәулет және құрылыс, Қызмет көрсету саласы, Гигиена және өндірісте еңбекті қорғау, Әлеуметтік ғылымдар, Құқық, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы, Пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау бойынша оқын жалғастыра алады. Магистратура мен докторантурада Әлеуметтік ғылымдар, Бизнес және басқару мамандықтары бар.
— Білім алушының академиялық бұзушылықтары болмаған жағдайда оқу жылын сақтай алады. Оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сертификаты талап етіледі. ҰБТ сертификаты «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы, «Құқық» даярлау бағыты бойынша кемінде 75 балл, қалған бағыттары бойынша кемінде 50 балл жинаған білім алушылар жіберіледі. Қабылдау ережелеріне сәйкес 25 тамызға дейін жаңа оқу жылына оқуға қабылдау туралы бұйрықтар бекітіледі. Бүгінгі күнде ауысатын білім алушылардың құжаттары қабылданып, жатақханамен қамтамасыз ету сияқты басқа мәселелері қарастырылып жатыр. Сонымен бірге мұрағат құжаттарын мемлекеттік мұрағатқа тапсыру, оның ішінде бұрын бітірген студенттердің мәліметтері бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Білім алушыларға қатысты мұрағат құжаттары, соның ішінде бұрын оқуды бітірген тұлғалар туралы деректердің мемлекеттік архивке тапсырылуы туралы міндеттердің орындалуын үйлестіру мақсатында жұмыс жасалды. Атап айтқанда облыстық мұрағат бөлімінің мамандары кездесу өткізіп, «Білім туралы» заңның 42-бабы бойынша құрылтайшының 2 ай ішінде барлық құжаты архивке тапсыру міндеті екені ескертілді, — деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Айта кетейік, наурыз айында Қазақ-орыс халықаралық университетінің 350 студенті оқудан шығарылды. Университет ректорының 350 студентті оқудан шығару туралы бұйрығы заңсыз болып шықты. Кейін Ақтөбедегі Қазақ-орыс университеті биылғы оқу жылынан соң жабылатыны белгілі болды.