Ақтөбеде Жамбыл облысымен бірнеше бағыттар бойынша ынтымақтастық орнайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Жамбыл облысының күндері аясында өңіраралық кооперацияны дамыту мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Оның жұмысына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, екі өңірдің басқармалары мен кәсіпорындарының басшылары қатысты, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Белгілі болғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңіраралық кооперацияны дамыту тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында 2016 жылдың ақпанынан бастап еліміздің өзге өңірлерінен ауыл шаруашылығы және басқа да өнімдерді тікелей жеткізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан болатын. Аталмыш жоба аясында Қазақстанның барлық облыстарымен серіктестік орнатылды. Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысында өңіраралық кооперацияның әрі қарай жемісті дамуы үшін минералды шикізат қоры, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым, көлік логистикасы сияқты өзге де жағдайлардың жасалғандығын атап өтті. Облыс өндіріс пен құрылыс материалдарын сатуда салыстырмалы артықшылыққа ие және басқа да мәселелер бойынша аймақтағы негізгі жеткізушісі болып табылады.

«Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан өңіраралық кооперацияның механизмі оң нәтиже көрсетіп отыр. 2016 жылы облысымыздың өзге өңірлермен тауар айналымы 13,9 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде біздің облысқа 4,3 млрд. теңгенің, бізден 9,6 млрд. теңгенің өнімі жеткізілді»,-деді облыс әкімі.

Бұған қоса, Жамбыл облысымен өңіраралық кооперацияны реттеу туралы айта келе, Бердібек Сапарбаев қолда бар әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай жатқандығын атап өтті.

«Статистикаға сәйкес, біздің облысқа Жамбыл облысынан 2,2 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі әкелінсе, керісінше ақтөбелік кәсіпорындар ол жаққа құны 287 млн. теңге болатын өнімін жеткізген. Бүгінде біздің облыстың аумағында импортты алмастыру өніміне мамандандырылған бірқатар кәсіпорындар жұмыс жасайды»,-деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, жамбылдық ірі кәсіпорындарының қызығушылығы «Каспий плюс» ЖШС-нің металл өнімдеріне, «АӨҚЖЗ» ЖШС-нің Қазақстан бойынша тек Ақтөбеде ғана шығаратын өртке қарсы жабдықтарына, «Назар Трейлер» ЖШС-нің тіркемелі техникасына, «Арнайы техника» ЖШС-нің шептік жүк тиегішіне, «ТК Фарм» ЖШС-нің дәрі-дәрмектеріне қызығушылық танытып отыр.

«Өткен жылғы қол қойылған меморандум аясында біз Ақтөбеге 169,3 теңгенің өнімін жеткіздік. Біз 470,4 млн. теңгеге асыл тұқымды мал, ұн, өсімдік майын, сүт және шұжық өнімдерін алдық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады»,-деген Жамбыл облысының әкімі Ақтөбе облысымен денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен жастар саясатын дамыту мәселесі жөнінде ынтымақтастыққа қызығушылық танытатындығын жеткізді.

Жиын соңында Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімдері өңіраралық байланысты әрі қарай кеңейтіп, бекіту туралы меморандумға қол қойды.

Осылайша, өңірлер өнеркәсіптік өнімдерді өзара жеткізуге, инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға ниетті. Сонымен қатар, тиімділігі жоғары және инвестициялық өндірістер, бірлескен кәсіпорындар құру, тауар мен қызметтің алға жылжуы үшін бірлескен жәрмеңкелер, көрмелер мен сауда-экономикалық міндеттерді ұйымдастыру жолымен көмектесу, денсаулық сақтау, экология саласындағы тәжірибе алмасу, жаңа туристік бағыттар ашу бойынша жоспарлар бар. Тараптар сонымен бірге тұрғын үй құрылысы, жолаушылар көлігі мен көлік жолдары саласында да бірлесе әрекет ететін болады.

Жалпы саны 10 меморандумға қол қойылды.