Ақтөбеде жаңа оқу жылында 6 мектеп қолданысқа беріледі

Фото: Бәйтерек ауданы әкімдігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Келешек мектептері» жобасы аясында 4 мектеп ашылып, 2 жеке мектеп қабылдау жүргізеді.

Ақтөбеде 2025-2026 оқу жылына дайындық жүріп жатыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, биыл 441 мектеп, 639 мектепке дейінгі ұйым, 40 колледж жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 6 мектеп қолданысқа беріледі. Оның төртеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды, ал екеуі жеке мектеп.

— Облыста 14 520 орынға арналған 31 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 4 балабақша, 26 мектеп және 1 қосымша білім беру мекемесі. Бұған қоса 1000 орындық мектеп жекеменшік инвестор есебінен салынып жатыр, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, Ақтөбе қаласы Шилісай тұрғын алабында 600 орындық мектеп, Мұғалжар ауданы Ащысай ауылында 60 орындық мектеп, Қандыағаш қаласының Самал ықшам ауданында 600 орындық мектеп салынып жатыр. Бұл құрылысы бірнеше жылға созылған нысандар. Сонымен қатар Мәртөк ауылындағы № 3 мектепке, Ембі қаласындағы № 7 мектепке және Қаракөл ауылындағы Жұбанов атындағы мектепке спорт залдар салынып жатыр.

Айта кетейік, Ақтөбеде білім беру ұйымдарын жөндеуге 5 млрд теңдеген астам қаржы жұмсалады. Күрделі жөндеу 19 білім беру ұйымына жүргізіледі. Оны жөндеуге облыстық бюджеттен 5,4 млрд теңге қаржы бөлінді