Ақтөбеде жарылыс болған үй бюджет қаржысы есебінен жөнделеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Тұрғындар әкімдік әзірлеген пәтерлерге уақытша көшірілді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті жоба жасалып жатыр.
Ақтөбе қаласы Есет батыр көшесіндегі көпқабатты үйде жарылыс болып, қазір мұндағы үш подъездің тұрғындары Есет батыр тұрғын алабында тұрып жатыр. Олар үйге жөндеу жұмыстары жүргізілгенше тұрғындар әкімдік берген баспанада тұра алады.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, подъезд де, пәтерлер де жөнделеді. Демонтаж, одан әрі құрылыс-монтаж жасау үшін «Актюбгражданпроект» компаниясы жоба жасап жатыр. Бұл жоба шамамен 2,5 ай жасалады. Кейін жобаны іске асыру үшін бюджеттен қаржы қарастырылады.
- Подъезд де, пәтерлер де жөнделеді. Жөндеу толық аяқталған соң тұрғындар өз баспаналарына қоныстанады. Сараптама қорытындысы бойынша үй жөндеуге жарамды, - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Айтып өтейік, жарылыс болған үйге екі аптада техникалық сараптама жасалды. Мамандар тек бір подъезді апатты деп танып, демонтаж және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі керек деп шешті. Жөндеу жұмыстары кезінде 4 және 6 подъезде бекіту жұмыстары қатар атқарылады. Үш подъездегі отбасына 100 АЕК бір реттік төлем төлеуге шешім қабылданды.
Еске салсақ, маусымда Ақтөбеде көпқабатты үйде жарылыс болып, бір адам қаза тапты.
Қылмыстық кодекстің «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабы бойынша қозғалды.